Ауыл халқының табысын арттыруға 1 трлн теңге бөлінеді

Sputnik
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға жеті жыл ішінде 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр микрокредит беру есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру жобасы іске асырыла бастағанын атап өтті.
"Жеті жыл ішінде бұл мақсаттарға 1 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны қамтылады және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысы кооперативтік кәсіпкерлікке тартылады. 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген", - деді Қарашөкеев үкімет кулуарында.
Айтуынша, 2023 жылы жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыс әкімдігіне 52,4 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ақшаға 11 мың микрокредит беру және 12 мыңнан аса жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Қазір облыс әкімдіктері "Ауыл аманаты" жобалық кеңсесімен бірлесіп жобаны іске асыру үшін ауылдық округтерге скрининг жүргізуде.