АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. 2029 жылға қарай халықтың 65%-ы табиғи газбен қамтылады. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Министрлік халықты газдандыру деңгейін 2029 жылға қарай 65%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, бұл 12 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз етеді", - деді Ақшолақов үкімет отырысында.
Сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін күшейту үшін 2029 жылға қарай 3,7 ГВт энергия генерациялайтын қуаттар енгізіледі. Оның ішінде 1,8 ГВт электр станцияларын жаңғырту және 1,9 ГВт жаңа бу-газ қондырғыларын салу жоспарлануда.
Ал 2026 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 50-ден астам объектісі іске қосылады. Осылайша жаңартылатын энергия өндірісінің көлемі 1,5 есе өседі және ел бойынша электр энергиясының жалпы өндірісінде 7%-ға жетеді, деді министр.
Бұдан бөлек 2029 жылға дейін Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде Батыс Қазақстанның электр желілерін Біртұтас электр энергетикалық жүйеге қосу бойынша жұмыстар жүргізіледі.