Білім

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада 6 медаль жеңіп алды

Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандық оқушылар физика, биология және химия пәндері бойынша халықаралық жасөспірімдер олимпиадасында 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
IJSO зияткерлік жарысы 2-12 желтоқсан аралығында Богота қаласында (Колумбия) өтті. Оған әлемнің 60 елінен барлығы 300-ден астам оқушы қатысты.
Қазақстандық оқушылар былтырғы рекордты жаңартып, 2021 жылмен салыстырғанда құрама қоржынына 3 медаль артық салды.
Жүлдегерлерді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады.
"Халықаралық аренада оқушылардың жеңіс легі жалғасуда. Біздің жүлдегерлерді жоғары жетістіктерімен құттықтаймын! Жаңа жеңістер тілеймін! Биыл президенттің тапсырмасымен халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары ЖОО-да оқу үшін грант пен 4 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы алды. Мұндай олимпиадалардың тізімі тағы жетеуімен толықтырылады", - деді Аймағамбетов.
Айта кетері, биыл қазақстандық оқушылар ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда 27 медаль жеңіп алып, жаңа рекорд орнатты. Сыйақының жалпы сомасы 73 млн теңгеден асты.