Министр Ақшолақов: көрші елдермен газ одағын құру мәселесі талқыланған жоқ

Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерімен газ одағын құру мәселесі талқыланбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Үш елдің арасында одақ құру туралы әңгіме ешқашан талқыланған емес. Одақ құрамыз деген мәселе көтерген жоқпыз. Ресеймен немесе Өзбекстанмен. Ондай мәселе талқыланбаған", - деді Ақшолақов үкімет кулуарында.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Қазақстан, Ресей және Өзбекстанмен газ одағын құруды ұсынғаны хабарланған еді.
Кейінірек Ақорданың баспасөз қызметі "үшжақты газ одағын" құру туралы келіссөздерге қатысты түсініктеме берді.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "үштік газ одағын" құру мәселесі қарастырылды.
Тоқаев пен Путин барлық тараптың мүддесін ескеріп, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды.