Жол апатына түскен жедел жәрдем көлігі неліктен тоқтамағаны белгілі болды – видео

Sputnik
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Павлодар облысындағы Ақсу қаласында жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады. Бірақ дәрігерлер тоқтамай, комаға түскен адамды ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде жол апатының видеосы тарады. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп бара жатқан жедел жәрдемді бүйірінен көлік соққан. Ол бұрылайын деп тұрған тағы бір көлікке соғылды. Бірақ тоқтаған жоқ, алған бағытымен кете берді.
Облыстық жедел жәрдем станциясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, ол күні дәрігерлер комаға түскен науқасты әкеле жатқан. Оны шұғыл орталық қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізу керек болған. Сол себепті жол апатынан кейін реанимобильді тоқтатпауға және ер адамды реанимацияға жеткізуге шешім қабылданыпты.
Ал науқасты ауруханаға тапсырғаннан кейін медициналық топ апат болған жерге қайтып барды.
"Өкінішке қарай, бұл жедел жәрдем көлігі жол апатына түскен алғашқы жағдай емес. Мұндай жағдайлар ұзақ сот дауына ұласады, ал 103 қызметі соттың соңғы шешіміне дейін осындай қажетті көліктен айырылады", — дейді станция мамандары.