ПАВЛОДАР, 11 желтоқсан – Sputnik. Өрт шыққан үйде үш бала ересектердің қарауынсыз қалған, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
10 желтоқсан күні кешке 101 пультіне Усольский шағын ауданында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Кірпіштен салынған екі қабатты жеке үйдің бірінші қабатындағы екі орындық, бала орындығы, палас, екінші қабатқа апаратын ағаш баспалдақ жанған.
Өрт кезінде үйде үш бала болған: 14 жастағы қыз және екі ұл – 5 және бір жасар. Өрт салдарынан кіші ұл көз жұмды.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, шақыртуға апаттар медицинасы орталығының бригадасы қызмет көрсетті. Екі баланы ауруханаға жатқызудың қажеті болмаған, "күйзеліске жедел реакция" диагнозы қойылып, ата-анасының қарауына берілген.
Өрт оқшауланып, сөндірілді. Өрттің алдын ала себебі – отты абайсыз қолдану.