АСТАНА, 8 желтоқсан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көп қабатты үйлердегі бөлмеаралық қабырғаларға қатысты талап күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистер көп қабатты үйлердің ортақ проблемасын көтерді. Халық шудан оқшаулау мәселесі жайында жиі айтады. Олар көрші пәтерлердегі дауыс анық естілетініне наразы.
Министрдің айтуынша, заңда ішкі қабырғаларға нақты талап жоқ. Сол себепті құрылыс компаниялары шудан оқшаулау мәселесіне көп мән бермейді.
"Бізде сыртқы қабырғаның стандарты нақты белгіленген. Ал ішкі қабырғалар, яғни, бөлмеаралық қабырғалардың нақты талаптары белгіленбеген. Сол себепті қазір халық арасында шудан оқшаулауға қатысты сұрақтар жиі қойылады ", - дейді Өскенбаев.
Оның айтуынша, ішкі қабырғаларға қатысты стандарт міндетті түрде болады.
"Қазір осы мәселені қарастырып жатырмыз. Келесі жылы ондай стандарттарды белгілейміз", - деп атап көрсетті Өскенбаев.