Ресейге зымыран компоненттері жеткізілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды

Sputnik
АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі TikTok әлеуметтік желісінде тараған Қазақстан Ресейге зымыран құрастыруға арналған компоненттер жеткізетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады Stopfake.kz.
"Зымырандарға арналған аталған компоненттер "Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан заңына сәйкес экспорттық бақылау шараларына жататын әскери мақсаттағы өнімдерге жатады. "Компоненттерді зымыран жасау технологияларында пайдалануға болатынына жатқызу/жатқызбау" факторын анықтау экспорттық бақылау тетіктері шеңберінде жүргізіледі", - деп түсіндірді индустрия министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, кез келген экспортталатын/импортталатын/транзиттік электрондық жиынтықтауыштар ("чиптер", "микросхемалар") әскери/қос мақсаттағы өнімді өндіру кезінде пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан техникалық зерттеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға (Қорғаныс министрлігі, Энергетика министрлігі, ҰҚК) жіберіледі.
Мұндай фактілер расталған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік орган (ИИДМ индустриялық даму комитеті) жеткізілімдерді экспорттық лицензиялауға жібереді.
"Қазақстан үкіметінің биылғы 27 тамыздағы шешімімен әскери мақсаттағы өнімнің экспортына/транзитіне тыйым салынады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасынан әскери мақсаттағы өнімнің, оның ішінде зымыран жиынтықтауыштарының немесе зымыран дайындауға арналған компоненттердің реэкспорты/транзиті 2022 жылы және оған дейін жүзеге асырылмаған (ИИДМ ИДК экспорттық бақылау базасының деректері бойынша)", – деп хабарлады ведомство.