ПАВЛОДАР, 5 желтоқсан – Sputnik. Павлодар облысының Ақтоғай ауданында жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылып, әйелдің денесін қатты күйік шалды, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Павлодар облысында жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылды
© Photo : ДЧС Павлодарской области
5 желтоқсан күні сағат 13.12-де Ақтоғай аудандық өрт сөндіру бөліміне Ақтоғай ауылы Марденов көшесі, 46 мекенжайында орналасқан төрт бөлмелі жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылғаны туралы хабарлама түсті.
Өрт сөндірушілер бірнеше минут ішінде оқиға орнында болды
© Photo : ДЧС Павлодарской области
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер 5 литрлік газ баллонының жарылуы салдарынан шатырдың өртенгенін, 25 шаршы метр аумақтағы ас үй мен веранданың опырылып түскенін анықтады. Содан кейін бүкіл бөлме отқа оранған.
1955 жылы туған ауыл тұрғыны зардап шекті. Оның денесінің 40 пайызын күйік шалған. Ол ауруханаға жатқызылды.
Өртті сөндіруге 10 адам – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, полицей мен жергілікті атқарушы органның қызметкері қатысты. Өрт бір сағатқа жетпей сөндірілді.