Орал тұрғыны кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке салған

Sputnik
АСТАНА, 5 желтоқсан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында әйел кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке тартқан, деп хабарлады Polisia.kz.
Облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Орал қаласындағы сауналар мен жалдамалы пәтерлерді тексеру бойынша рейд өткізу барысында жезөкшелікпен айналысқандарды ұстады.
Оралдағы сауналардың бірінде 46 жастағы әйел интимдік қызмет көрсету үшін 37 және 39 жастағы екі әйелді ұсынып, жеңгетайлық ұйымдастырған. Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 309-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ 53 жастағы әйел Орал қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде 17 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімді жезөкшелікпен айналысуға тартқан. Күдіктілер мұндай қызметі үшін 10-15 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 134-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.