АСТАНА, 3 желтоқсан - Sputnik. Әлеуметтік желілерде қала іргесіндегі Қарабатан жанындағы "Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында көлемі 6 гектарға жуық көлдің түзілгені туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Ақжайық.
Осы су қоймасының суреттері мен видеолары тарап жатыр.
Ал Petrocouncil.kz телеграм-каналында көлдің "Базис Констракшн" АҚ жүзеге асырып жатқан "Су дайындау" жобасындағы сапасыз жүргізілген жұмыс салдарынан пайда болғаны хабарланды. Тапсырыс беруші – "Karabatan Utilities Solution" ЖШС.
Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі бұл аумақта судың төгілгенін растады.
" Су сынамасы алынып, зертханалық талдауға тапсырылды, қазір су төгілген бұл аумақтың кімге тиесілі екені анықталып жатыр", - деп хабарлады экология департаменті.
Нәтижесі дүйсенбіде дайын болады.
Сондай-ақ бұл аумақта су ағызуға рұқсат жоқ екені белгілі болды. Аталған заң бұзушылық фактісі бойынша Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы хаттама дайындап жатыр.
Табиғат қорғау прокуроры Асхат Қасимовтың айтуынша, олар да бұл жағдайды бақылауға алған.