Түркістан облысындағы кеден бекетінде ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті ҰҚК-нің 5-департаментімен бірлесіп, Өзбекстанмен шекаралас Түркістан облысының "Қазығұрт" кеден бекетінде арнайы операция жүргізді.
Қылмыстық топ кеден бекетіндегі жемқор қызметкерлердің көмегін пайдалана отырып, "брокерлік қызметтер" көрсету деген желеумен тауарларды жалған құжат бойынша заңсыз әкеліп жүрген, деп хабарлады ІІМ Telegram каналы.
"Бір жүк көлігі кедергісіз кіріп-шығуы үшін тасымалданатын жүкке байланысты 200 мың теңгеге дейін ақы алынған, бұл кейіннен тауар құнының өсуіне әсер еткен. Тәулігіне кеден бекеті арқылы 150-ге жуық автокөлік өткен", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қылмыскерлер көрші елдің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуіне қылмыстық қолдау көрсеткен. Жедел қызметкерлер бүкіл қылмыстық схеманы анықтап, құжаттады.
"Бір мезгілде тінту жүргізіліп, ірі көлемдегі ақша, атыс және суық қарудың түрлері, "қара кассаның" есепке алу жазбалары, шетел азаматтарының паспорттары, арнайы техникалық құралдар тәркіленді", - деп атап өтті ішкі істер министрлігі.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, кінәлі адамдарға қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі қарастырылуда.