АЛМАТЫ, 30 қараша - Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданындағы Гүлдала ауылында мектепсіз қалған 2000 оқушыға автобус бөлінді.
Sputnik Қазақстан тілшісі бұған дейін автобусы жоқ мектептер туралы мәселе көтерген болатын. Олар – Талғар ауданының Қызыл ту және Гүлдала ауылының білім ошақтары.
1967 жылы салынған Гүлдала орта мектебінің тозығы жетіп, күрделі жөндеуге жабылған. Оқу жылы басталғаннан бір жарым ай онлайн оқыған гүлдалалық 2000 оқушы жан-жақтағы мектептерге бөлінді. Салдарынан ауыл арасы жаяулатқан, таксилеткен оқушыларға толып кеткен.
Оқушы тасымалынан қиналған мектептердің бірі - Қызыл ту ауыл мектебі. Ауылдан ауылға білім іздеп сабылған оқушы мен ата-ана мектепке жете алмай әбден әбігерге түскен. Sputnik Қазақстан журналистері барған соң бес күннен кейін 2000 оқушыны таситын автобусқа тендер ойнатылған.
"Көптеген мектептер автобустың тендерін күтіп жүр. Автобустар жекеменшікке өтіп кеткен. Тендерге қатысқысы келмейді. Абырой болғанда бізде бәрі сәтті өтіп, санаулы күнде мәселеміз шешілді", - дейді Гүлдала ауылдық орта мектебінің директоры Қуан Айтбаев.
Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірованың айтуынша, мектептерге автобус автопарктен бөлінбейтіндіктен тендер өткізуге мәжбүр.
"Автобустар автопарктердікі емес, жекеменшікке өтіп кеткен. Бізде Талғар ауданында небәрі 10 автобус бар. Ол бүкіл мектепті қамтуға жетпейді. Кейбір аудандарда 5 автобустан ғана бар. Сол себепті амалсыздан тендер ойнатамыз. Бізге автопарктерден автобус берсе үлкен мәселеміз шешілер еді", - деді Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова
Жылы, жайлы автобусқа жеткеніне оқушы да, ата-ана да мәз.
"Автобустар өз уақытында келеді. Жарты сағаттап жолда тұрмайтын болдық. Қысылмаймыз, іші кең", - дейді оқушы Арина Березёва.
Алматы облысында мектепсіз қалған 2000 оқушыға автобус бөлінді
© Айдана Дайырова
"Автобусқа қолымыз жетіп, сондай разы болдық. Әйтпесе балалар кештетіп көрші ауылдан келгенше мазамыз кететін. Таксилетіп жүр едік, қазір жағдайымыз жақсы. Барлық ата-ананың атынан алғыс айтамын", - дейді ата-ана Наталья Проскурина.
Мектеп басшылығы бір де бір оқушының аяғын жерге тигізбей, автобуспен тасимыз, дейді. Тіпті оқушылар автобусын жол полициясы алып жүреді.
"Балалардың барлығы үшінші ауысымда, түстен кейін 14:30-да оқиды. Оқушылар үш мектепке тасымалданады. Кезекшілер ұйымдастырылған. Облыстық және аудандық жол полициясы мектепке апарып, алып қайтады. Үшінші тоқсанда мектептің күрделі жөндеуі бітеді. Алла жазса өз мектебімізге қайтып ораламыз", - дейді Гүлдала ауылдық мектебінің директоры Қуан Айтбаев.
Оқушыларды тасымалдау үшін төрт автобус бөлінген. Гүлдала мен Қызылту оқушыларының мәселесі шешілгенімен, Алматы облысында оқушы таситын автобусқа зар боп жүрген мектептер көп.