АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұған дейін Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін Қазақстанға қанша ресейлік келгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз күн сайын алмасатын шұғыл деректер бойынша 400 мыңнан аса ресейлік Қазақстанға келді. 323 мыңнан астам ресейлік елден кетті. Әзірше, шамамен 100 мың ресейлік осында жүр", - деді Дүйсенова үкімет кулуарында.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, өткен жылдарды қоса алғанда қазір 22 мың еңбек мигранты Қазақстанда жұмыс істеп, зейнетақы жарнасын аударып жүр.
Еске салсақ, биыл 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялап, тиісті жарлыққа қол қойған болатын. Сол күннен бастап Қазақстан мен Ресей шекарасында ұзын-сонар кезек түзілді. Көрші елдің азаматтары жаппай біздің елге ағыла бастады. Соның салдарынан ірі қалаларда жалдамалы пәтерлердің бағасы шарықтап кетті.