АЛМАТЫ, 24 қараша - Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Канада премьер-министрінің ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілі, Канаданың Франциядағы Елшісі Стефан Дион Қазақстан-Канада ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Тараптар екіжақты сауданы дамыту, инвестициялық өзара іс-қимыл және энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің қызметін талқылады.
Әлихан Смайылов екі ел арасында кешенді сауда-экономикалық әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы өзара сауда көлемі 34%-дан астам өсіп, шамамен $500 млн-ды құрады, ал биылғы 9 айда бұл көрсеткіш $730 млн-ға жетті. Сонымен қатар Қазақстан экономикасына тікелей канадалық инвестициялар көлемі де арта түсуде, бұл көрсеткіш өткен жылы $385 млн-нан асты.
"Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және өзара сауда көлемін ұлғайту бағытында әлеуеттің зор екенін көріп отырмыз. Қазақстан экономиканың түрлі секторларындағы өз өнімдерінің 45 түрін жеткізу көлемін $255 млн-ға ұлғайтуға дайын", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар, үкімет басшысының айтуынша, жүк транзиті және жаңартылатын энергия көздерін дамыту салаларында өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытудың мүмкіндіктері зор.
Өз кезегінде Стефан Дион қазақстандық тарапты президент сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, республикада жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді.
Стефан Дион, нақтырақ айтқанда, энергетика секторындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларына, оның ішінде ЖЭК және декарбонизациялауды дамыту жөніндегі іскерлік байланыстардың келешектегі жай-күйіне тоқталды.
"Бұл – Қазақстан үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де өте маңызды қадам. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Атап айтқанда, “таза” сутегіне және басқа да тұрақты отынға көшу қызығушылық тудырып отыр", — деді Стефан Дион.
Тараптар сондай-ақ, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алысты.