АЛМАТЫ, 24 қараша – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт өнімдерін арттыру үшін кешенді бағдарламаларды жүзеге асырмақ. Өйткені Қазақстандағы сүт тауарлары бірнеше пайызға қымбаттап кетті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Қазақстанда шамамен 5,5 млн тонна сүт өндірілді, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,1% өсті. Тауарлық сүт өндірісінің нақты көлемі 3,4 млн тоннаны құрады, бұл да бір жыл бұрынғыдан 1,3%-ға артық.
Биыл кәсіпорындардағы сүт өнімдерін сату бағасы 235-тен 300 теңгеге дейін жетті. Себебі жем бағасы мен импорттық шығын материалдары, қаптама ыдыстарға дейін қымбаттаған.
Биыл сүт саласын субсидиялауға шамамен 24,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде сүт өндіруге 18,6 млрд теңге бағытталды. Бұл мемлекеттік қолдау 467 субъектіге, оның ішінде сүт-тауар фермалары мен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға (ӘКК) көрсетілді.