АСТАНА, 24 қараша – Sputnik. Жыл басынан бері Қазақстанда алаяқтық белгілері бар 8,5 мың интернет-ресурс бұғатталған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі кадр жұмысы департаментінің директоры Нұрлан Адалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол жаңа қаржы өнімдерінің тізімі жыл сайын артып, ал оған қолжетімділік "жасарып" бара жатқанын атап өтті. Мәселен, елімізде балалар 10 жастан бастап банк карталарын пайдалана алады. Осыған байланысты агенттік қаржы пирамидасын құру және басқару сияқты алаяқтық түрлеріне қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдірген.
"Салымшылардың қаражатын жаппай осындай схемаларға тарту тәуекелдерін жою үшін сайттар мен әлеуметтік желі аккаунттары бұғатталады. Тек осы жылдың өзінде 8,5 мыңға тарта интернет-ресурс бұғатталды", - деді Адалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, жоғары білімі бар, жұмыс істейтін адамдардың өзі алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Агенттік өкілі мұны халықтың қаржылық қауіпсіздіктің қарапайым негіздерін білмеуімен байланыстырды. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектеп жасынан оқыту қажет, дейді ол.
Агенттік қызметкерлері биыл мектептер мен университтерде алғаш рет "Қаржылық қауіпсіздік" туралы сабақ өткізген. Онда алаяқтардың схемалары, интернет-сатылым, банк карталарымен байланысты алаяқтық, қаржы пирамидалары және лудомания проблемалары жайлы сөз қозғалды.