АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. "Қазфосфат" ЖШС Жамбыл филиалы қызметкерлері арасында түсінбеушілік туындап, 200-ге жуық адам наразылық білдіруге шықты. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
"Қазфосфат" ЖШС-ға қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестеріне дөрекі сөйлеген. Соның салдарынан түсінбеушілік туындаған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы жұмысшылармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізді", - деп жазылған еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар, мекемедегілер басқарма басшысы әріптестерінен кешірім сұрағанын және өз еркімен жұмыстан босатылғанын хабарлады.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, бұүгін сағат 11:40 шамасында наразылық білдіру үшін жиналған жұмысшылар саны 200-ге жуықтаған.
Қазіргі таңда зауыттағы ахуал тұрақты. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр.