АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауының ерекшілігін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Президент сайлауы әділетті өтті деп есептеймін. Мен ғана емес, байқаушылар да, халық та солай санайды. Ерекшелігін өздеріңіз байқап отырсыздар, бүгінгідей алмағайып заманда бұл сайлау ұлтты ұйыстырған, елді біріктірген сайлау болды. Бұл сайлаудың ең негізгі ерекшелігі", - деді Қошанов мәжіліс кулуарында.
Ол биыл әлем де, Қазақстан да бірқатар сынақпен бетпе-бет келгенін атап өтті.
"Осының барлығына біздің қоғамымыз, мемлекетіміз тойтарыс беріп, өзінің мықты екенін көрсетті. Ел ыдырап кетпей, керісінше бірікті, бір көшбасшыны таңдады. Біздің мемлекетте елді басқарып, мемлекетті алға қарай жетелейтін, халық сенетін азаматтың бар екенін көрсетті. Күлтегіннің "ері еліне сенген, елі еріне сенген заман" деген сөз бар ғой. Сондай заманға біз келдік деп ойлаймын", - деді Қошанов.
Еске салсақ, Халықтық коалиция атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз даусын жинады. Ол үшін 6 456 392 адам дауыс берген.