Қызметте қаза тапқан өрт сөндірушілердің балаларына жеңілдік беріледі – министр

Sputnik
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Қызметте жүріп қаза тапқан өрт сөндірушілер, полицейлер мен әскерилердің балаларына білім алу жағынан жеңілдіктер беріледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлады Хабар 24 арнасы.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде осы санатқа кіретін балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезексіз қабылдау мәселесі шешілген. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін конкурссыз грант беріледі. Енді колледждерге және дарынды балаларға арналған мектептерге қабылдау мәселесі пысықталып жатыр. Аймағамбетов оны жақын арада шешуге уәде берді.
Айта кетері, жақында Астанада көпқабатты үйде болған өрт кезінде бірнеше адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауруханада көз жұмды. Артында әйелі мен екі баласы қалды. Ол небәрі 28 жаста еді. Бүгін оны ақтық сапарға шығарып салды. Республика бойынша төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінде бір минут үнсіздік жарияланды.