АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Көлік полициясының қызметкерлері Астанада есірткі саудасымен айналысқан медицина қызметкерін ұстады.
"Ішкі істер министрлігі көліктегі полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында аса ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан қалалық аурухананың медициналық қызметкерін ұстады", - деп хабарлады Polisia.kz.
Медициналық мекемедегі жұмыс орнын тінту кезінде ұсталған азаматтың жеке шкафынан ерекше иісі бар сұр-жасыл түсті ұнтақ салынған 4 полиэтилен бумасы алынды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 240 грамнан астам гашишті құрады. Бұл қолданыстағы заңнамаға сәйкес аса ірі көлемдегі есірткі заты болып саналады.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы "Аса ірі көлемде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың баламаларын сату мақсатында заңсыз иемдену, сақтау немесе сату" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Медициналық қызметкер уақытша ұстау изоляторына қамалды.