АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Әлем елдерінде коронавирустың қайта өршуіне байланысты Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният халықты ревакцинация жасауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүкіл әлемде қазір коронавируспен ауырғандар саны өсіп барады. Әсіресе көрші елдерде – Қытай, Әзербайжан, Израиль және бірнеше мемлекетте күрт өсті. Сондықтан ревакцинация қажет. Оны жасату үшін бізде вакциналар бар", - деді Ғиният үкімет кулуарында.
Министр қазір елімізде вакциналардың 500 мың дозасы бар екенін атап өтті. Бұл QazVac және Sinopharm.
"Бізге гуманитарлық көмек – Pfizer вакцинасы жеткізіледі. Қазір келісімге қол қою процедурасы жүріп жатыр. Келесі аптада Pfizer-дің қанша дозасы бізге түсетінін хабарлаймыз деп ойлаймын. Бұл екпені халықтың барлық санаты салдыра алады. Осылайша бізде коронавирусқа қарсы үш вакцина болады", - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, қазір ревакцинация науқаны, негізінен, емханаларда жүргізіліп жатыр.