АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Осы жылдың он айында бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы 14,8%-ке өсті.
Energyprom.kz мониторинг компаниясының мәліметінше, қазан айында баға 6,3%-ке қымбаттаған.
Бағаның өсу қарқыны жоғары аймақтар: Ұлытау облысы – 19,8%-ке; Павлодар облысы – 14,7%-ке; Қызылорда облысы – 13,6%-ке.
Бағаның қымбаттауы төмен өңірлер ішінде Алматы облысы 0,4% көрсеткішімен көш бастап тұр.
Жиырма облыстың ішінде айлық қарқын бойынша баға тек Алматыда өзгерген жоқ. Жылдық қарқын бойынша жұмыртқа Қызылорда облысында 52,2%-ке, Қостанай облысында 34,1%-ке, Батыс Қазақстан облысында 32,5%-ке қымбаттады. Бұл ретте Алматыда, керісінше, баға 4%-ке, Жетісу облысында 0,4%-ке төмендеді.
Елімізде 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 3,8 миллиард дана жұмыртқа өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 5,3%-ке артық.
Өңірлер арасында Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр: 559,6 миллион дана жұмыртқа өндірілген және бұл бір жылда 40,7%-ке өсімді көрсетеді. Одан кейін Ақмола (555,5 миллион жұмыртқа, -7,4%) және Қарағанды (472,9 миллион жұмыртқа, -2%) облыстары тұр.