АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Еліміздің 13 өңірінде өндіріс көлемі артты, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
"Жамбыл (11,1%), Абай (9,4%), Ақмола облыстарында (8,8%) және Алматы қаласында (9,2%) көлемінде айтарлықтай өсім байқалды. Төмендеу көрсеткіші Қостанай (4,3%), Түркістанда (4,2%), Жетісу (2,4%), Атырау (1,9%), Батыс Қазақстан (1,3%), Қызылорда (1,3%) және Павлодар (0,9%) облыстарында тіркелді", – деп жазды мамандар.
Осы жылдың он айында өндірілген өнім көлемі 39 720 миллиард теңгені құрады. Оның жартысына жуығы, яғни 20 628 миллиард теңгесі тау-кен өнеркәсібіне, 16 972 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Ұлттық статистика бюросы ақпараты бойынша, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі өскен. Оның ішінде түрлі-түсті металл кендерін өндіруде – 107,8%, көмір – 101,6%, сусындар өндірісі – 108,9%, темекі өнімдері – 112,7%, жеңіл өнеркәсіп – 107,8%, химия өнеркәсібі – 110,6% және металлургия өнеркәсібі – 104,4%, сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдары – 104%-ке өскен.