Жамбыл облысында жалған техникалық құжат жасаған ХҚКО қызметкері ұсталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 16 қараша – Sputnik. Жамбыл облысында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері мен оның сыбайласы көлік құралын тіркеу куәліктерін (техникалық паспорттарды) қолдан жасаумен айналысқан, деп хабарлады Polisia.kz.
Заң бұзушылықты Жамбыл облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтады. ХҚКО қызметкері мен сыбайласы (осы мекеменің бұрынғы қызметкері) ұсталды.
Әйел делдал ретінде әрекет еткен. 150 мың теңге көлемінде заңсыз ақшалай сыйақы үшін сыбайласымен бірге құжаттарды бұрмалап, жалған техникалық паспорттарды дайындаумен және өткізумен айналысқан. Тінту барысында күдіктінің атына 8 пластикалық банкомат карточкасы, 41 дайын жалған техникалық паспорт тәркіленді. Сондай-ақ олардан техника және жалған құжаттарды дайындау үшін тағы 500 дана пластикалық карточка табылды.
"Осы дерекке қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - деп мәлімдеді полиция.
Бірқатар тиісті сараптама тағайындалды. Істің басқа да жағдайлары анықталып жатыр.