АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол биыл қазан айында инфляция өсімі жеделдегенін атап өтті. Айтуынша, оған азық-түлік қымбатшылығы айтарлықтай әсер етіп отыр.
"Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Осыған байланысты бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, жылдық мәнде инфляция 18,8%-ке жетті. Ал азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде 23,1%-ті құрап отыр, өйткені жеміс-жидек пен көкөністің маусымдық арзандауы аяқталған.
"Азық-түлікке жатпайтын инфляция да 17,9%-ке дейін өсті. Импорт үлесі жоғары тауарлардың, оның ішінде жеке қолданыстағы тауарлардың, тұрмыста қолданылатын құралдардың, құрылыс материалдарының, дәрі-дәрмектің бағасы тез өсіп отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрылымында жанар-жағармай мен автомобильдер бағасының өсуі баяулады", -деді Шолпанқұлов үкімет отырысында.
Ақылы қызметтер инфляциясы 13,5%-ке жеткен. Тұрғын үйді жалға беру ақысы әлі де төмендеген жоқ, энергия өндіруші компаниялар тарифінің өсуіне байланысты электр қуатының құны қымбаттады.
"Жоғары инфляциялық болжамдарға, фискалдық ынталандыруға байланысты инфляциялық процестердің өсуі дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жалғастыруды талап етеді", - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.