Өңірлер

Мойынқұмда алтын өңдейтін жерасты цех анықталды

Sputnik
АСТАНА, 15 қараша - Sputnik. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында алтын өңдейтін жерасты цех анықталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Жеке тұрғын үйді тексеру кезінде электрлік ұнтақтау диірмені, ұнтақталған кеннің қалдықтары, елек, магнит, таситын арбалар, күректер, сынапты сұйықтық, 2 үлкен қазандық және 10 тоннаға жуық алтын кені табылды.
Барлық қондырғыны дыбысы естілмесін деп, жердің астындағы цехте орнатқан. Қоймада 30 және 58 жастағы екі жұмысшы болған. Олар ақылы түрде жұмыс істегенін айтты. 37 жастағы цехтың қожайыны ұсталды.
Қылмыстық кодекстің 295-1-бабы 1-бөлігі ("Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталып жатыр. Бірқатар қажетті сараптама жүргізіледі.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 200 айлық есептік көрсеткішке (636 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар тарту немесе елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазасы қарастырылған.
Абай облысында құрамында алтын бар кенді заңсыз өндірген