Экономика

Министрлер мен әкімдер 278 млрд теңгені игермеген

Sputnik
АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша министрліктер мен әкімдіктер 278 миллиард теңгені игерген жоқ. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"278 млрд теңге игерілген жоқ. Ең көп игерілмеу сомасы индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкi iстер, төтенше жағдайлар және оқу-ағарту министрліктерінде", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Айтуынша, бюджеттің игерілмеуіне қазынашылық ақпараттық жүйелердегі техникалық ақаулар, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу себеп болған.
Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің шығыстары 8,1 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 520 млрд теңге.
"Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге нысаналы трансферт көзделген. 1 қарашадағы жағдай бойынша оларға 2,6 трлн теңге бөлінді. Оның 94,1%-і игерілген. Атқарылмағаны – 150 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемделген ақша, ал 134 млрд теңге игерілмеген", - деп жалғастырды сөзін министр.
Игерілмеген қаржының басым бөлігі Астана қаласы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі.
Игерілмеудің негізгі себептері – жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.