Шанхайдағы көрмеде қазақстандық компания 18 млн долларға келісімшартқа отырды

Sputnik
АЛМАТЫ, 14 ҚАРАША – Sputnik. Қытайдың импорттық тауарлардың бесінші халықаралық көрмесінде қазақстандық түйе сүтін өндіретін "Golden Camel" кәсіпорны шанхайлық сауда компанияларымен жалпы сомасы 18 миллион долларға 2 келісімшарт жасасты. Бұл туралы орталық коммуникация қызметінің сайтында жарияланды.
Қытай компаниялары Shandong huabai Trading Co., Ltd. және Shanghai Oriental TV Shopping Co., Ltd отандық түйе сүті өніміне қызығушылық танытты.
"Golden Camel Group Ltd" түйе сүтін өңдеп, дайын өнімді экспортқа жібереді. Қытай инвесторларының қатысуымен құрылған кәсіпорын Түркістан облысында түйе шаруашылығын дамытып келеді. 2018 жылы қуаттылығы тәулігіне 100 тонна шикізат түйе сүтін өңдейтін зауыт салды. Кептірілген түйе сүтінің алғашқы партиясы 2020 жылы Қытайға экспортталды.
Сондай-ақ көрмеде Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қытайдың машина жасау және электронды өнімдердің импорты мен экспорты (CCCME) сауда-өнеркәсіп палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат өндірісті дамытуға және біздің елдеріміздің нарығына жоғары технологиялық өнімдерді жеткізуге ықпал етеді.
Қытайдың Бесінші халықаралық импорттық тауарлар көрмесі (China International Import Expo (CIIE) – жыл сайын Шанхай қаласындағы National Exhibition and Convention Center көрме кешенінде өткізілетін ең ірі көп салалы іс-шара. 2022 жылы көрмеге 145 елдің компаниялары қатысады. Онда Қазақстаннан 25 кәсіпорын өз өнімін ұсынады.