Шымкентте үш баланың анасы 5 қабатты үйдің шатырынан секіріп кете жаздады

Sputnik
АСТАНА, 12 қараша - Sputnik. Шымкент қаласында шатырдан секірмекші болған келіншекті полицейлер райынан қайтарды, деп хабарлайды Polisia kz.
Полицияға "Адия" тұрғын үй кешенінің тұрғындары хабарласып, белгісіз біреудің шатырдан секірмекші екенін жеткізді. Келіншек темір қоршаудың арғы жағына өтіп кеткен. Шатырдың шетінде екі қолымен қоршауды ұстап отырған.
Патрульдік полицияның барлық экипажына хабар берілді. 1-рота қызметкерлері Қанат Бишинов пен Бейбіт Нұрпейісов бірінші болып барды. Тәртіп сақшылары бірнеше минуттың ішінде шатырға шығып, алдымен келіншекті әңгімеге тартты. Сосын ақырын жақындап, ұстап қалды.
Қала тұрғыны аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Әйелдің үш баласы бар. Әңгімеден кейін полицейлер оны күйеуіне тапсырды.