АЛМАТЫ, 11 қараша - Sputnik. Алматыда Шәріпов көшесінің бойындағы жылу магистралі жөнделіп, үйлерге жылу берілді, деп хабарлайды Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы.
"11 қарашаға қараған түні "Алматы жылу желілері" ЖШС ұжымы диаметрі 400 мм құбырды қалпына келтірді. Сынақ жүргізілгеннен кейін жылу магистралі іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Сағат 02:40-та жылу берілді", - деп нақтылады әкімдік.
Шәріпов көшесінің бойындағы көлік қозғалысы да қалпына келтірілді. 13 қарашаға дейін бұзылған асфальт жол жөнделеді.
Әкімдік кез келген төтенше жағдай кезінде +7-727-378-06-65 телефоны арқылы "АлТС" ЖШС апаттық-диспетчерлік қызметіне хабарлауды сұрайды.
Еске салсақ, бейсенбі күні Алматыда құбырдың жарылуы салдарынан асфальт астынан су бұрқағы атқылаған болатын. Апат салдарынан 90-нан астам нысан уақытша жылусыз қалды. Жылу магистралінің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асты, соңғы бірнеше жылда 18 рет апат болған.