АЛМАТЫ, 11 қараша – Sputnik. Алматыда соқтығысқан автобустардың бірінің жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлайды Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
"Сотқа дейінгі тергеу органдарының күдікті А-ға қатысты 2 айға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші санкцияланды. Алматы қаласы тергеу сотының қаулысы 11 қарашада шықты", - делінген қалалық соттың баспасөз хабарламасында.
Қамауға алу мерзімі 2023 жылдың 9 қаңтарына дейін белгіленді.
Автобустар апаты
Қайғылы оқиға 8 қарашада Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында болған еді.
201-ші бағдардағы автобус екінші қоғамдық көлікті бүйірінен соққан. Салдарынан 21 адам медициналық көмекке жүгініп, 1 адам оқиға орнында қайтыс болды. 9 адам аурухана төсегіне таңылды. Оның бірі - он үштегі жасөспірім.