АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. 12 қараша күні А91(Қордай) көшесінен Астана – Қарағанды тасжолына дейінгі учаскеде А62 көшесі бойында қозғалыс ашылады, деп хабарлады елорда әкімдігінің сайты.
Бұл көше Қарағанды тасжолы, "Нұрлы Жол" теміржол вокзалы, сол сияқты қаланың сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша Нәжімеденов, Байтұрсынов көшелеріндегі көлік нөпірі сейіледі, сол сияқты Қошқарбаев даңғылы, Айнакөл көшесі, Абылайхан даңғылы, Қобда көшесі және т.б. қозғалыс реттеледі.
А62 көшесі – 8 жолақты. Қазір аталмыш көшедегі жұмыстардың бір бөлігі аяқталды, осылайша 4 жолақ бойынша қозғалыс ашылды. Қалған 4 жолақты абаттандыру жұмысы көктемде жалғасады.
Осыған дейін Ұлы дала бойындағы жаңа көпірдің үстінде қозғалыс ашылған болатын. Ұлы дала даңғылындағы көпір Мәңгілік ел даңғылын, А.Байтұрсынұлын, Р. Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелерін, Nova City ауданын, "Мыңжылдық" аумағында көлік ағынын сейілтті. "Нұрлы жол" жаңа вокзалына, Телман және Промышленный елді мекендеріне, МЕТРО гипермаркеті ауданына, Жұмабаев даңғылына, Жүргенов көшесіне және т.б. жүру мүмкіндігі жасалды.
Тағы бір көлік қозғалысына арналған көпір (Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылының бойында) 2023 жылы ашылады. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары елордада 400-ден астам көше жөнделді, олардың жартысы елді мекендерде орналасқан.