АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Түркия арасында жаңа әуе рейстері ашылады, деп хабарлайды ИИДМ Азаматтық авиация комитеті.
Комитет Түркияның авиация билігімен келіссөз жүргізіп, әуе рейстері санын екі есе көбейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде "Turkish Airlines" түрік әуе компаниясы биыл 20 қарашадан бастап Алматы-Анкара бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр.
Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жексенбі сайын орындалады. Жолаушыларды А-320 және Б-737 типті ұшақтар тасымалдайды.
Сонымен қатар, осы жылы 5 желтоқсаннан бастап "Turkish Airlines" компаниясы Астана және Анкара қалалары арасында жаңа рейс ашады. Рейстердің жиілігі – аптасына 2 рет, дүйсенбі және сәрсенбі күндері. Жолаушылар А-320 және Б-737 типті әуе кемелерімен ұшады.
"Рейстерді ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді", - деп мәлімдеді Қазақстанның азаматтық авиация комитеті.
Комитет рейстер санын одан әрі арттыру және ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады.