Президент сайлауы - 2022

Тоқаев телевизиялық дебатқа неге қатыспайды – ОСК түсініктемесі

Sputnik
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы 11 қарашада өтетін телевизиялық дебатқа президенттікке кандидат, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев неге қатыспайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ОСК мүшесі Анастасия Щегорцованың айтуынша, сайлауалды үгітті өз өкілеті шегінде кандидаттардың сенімді өкілі жүргізеді. Сондықтан сенімді өкіл үміткердің атынан телевизиялық пікірталасқа қатысады. Өйткені ол кісіні кандидат өзі таңдап, сенім артқан.
"Дебатқа қатыспаудың нақты себебін Орталық сайлау комиссиясы білмейді. Біз алғашқы отырысты өткізген кезде, бүкіл штабқа сауал жолдаған едік. Штабтар дебатқа қатысатын кандидатураны ұсынды. Біз сенімхатты қарап шықтық. Ол міндеттерге толығымен сай келеді. Сол себепті осындай тізім бекітілді", деп жауап берді Щегорцова.
Айта кетері, кезектен тыс президент сайлауы алдындағы телевизиялық дебат 11 қарашада "Хабар" телеарнасында тікелей эфирде кешкі 20.00-де өтеді. Пікірсайыстың ұзақтығы кемінде 80 минут. Дебатты ұйымдастыруға 63 миллион теңге жұмсалады.
Телевизиялық дебатқа Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспайды, оның атынан сенімді өкілі Ерлан Қошанов сөз сөйлейді. Қалған кандидаттар пікірталасқа өздері келеді.
Еске салсақ, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.