АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер жылу электр станциясы коммуналдық меншікке қайтарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыс басшының айтуынша, қазіргі кезде ЖЭС-тағы жағдай қиын. Станция басшылығы мен қызметкерлері багер сорғысының жағдайына мән бермей келген. Соның салдарынан оны су басты. Қазіргі кезде суды ағызған. Бірақ ішкі жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. 9 қарашаға қарай сорғы жұмысы қалпына келтіріледі деген жоспар бар.
"Сондай-ақ, апат кезінде 6-жоғары қысымды қазандықта фистула табылды. "Востоквзрывпром" ЖШС-нің екі бригадасы дәнекерлеумен және жөндеу жұмыстарымен айналысады. 8 қарашада аяқтауға тиіс. Осы қазандықты іске қосу үшін қажетті температуралық режимді қалпына келтіреді. Содан кейін бекітілген алгоритмге сәйкес жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырамыз", - дейді Ахметов.
Осы орайда аймақ басшысы төтенше жағдайдың негізгі себебіне де тоқталды.
"Нысан басшылығы оның жұмысына немқұрайлы қарап, сапасыз және тиімсіз жөндеу жүргізді. Біздің басты міндетіміз - жылумен жабдықтауды қалпына келтіру және қыс мезгілінде мұндай жағдайды болдырмау. Әрине, біз "Риддер ЖЭО"ны қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз", - деп атап көрсетті Ахметов.