Рақымшылықтан кейін 5 адамның қылмыстық ісі тоқтатылды

Sputnik
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Рақымшылық жарияланғаннан кейін қаңтар оқиғасына қатысқан 5 адамды қылмыстық қудалау тоқтатылды. Бұл туралы Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, рақымшылыққа шамамен 1,5 мыңға жуық адам ілігеді.
"Бүгінгі күні жазаны орындайтын органдар соттарға 878 сотталғанға қатысты мерзімді қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныстар жолдады. Тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында орташа дәрежелі қылмысты жасағаны үшін 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Басқа адамдар ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Оларға рақымшылық сот арқылы қолданылады", - деді Қилымжанов брифингте.
Айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімі қайта қаралады.
Бас прокуратура өз тарапынан жергілікті прокурорларға рақымшылық жасау туралы заңның нормаларын біркелкі қолдануды және заңдылықты қатаң сақтауды тапсырды.
Еске салсақ, 2 қарашада президент қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды.
Бүгіннен бастап рақымшылық туралы заң күшіне енді - тәртібі қандай