Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мың қару әлі табылмады – ІІМ

Sputnik
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мыңнан астам қару әлі табылмаған. Бұл туралы ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік және азаматтық қару-жарақ ұрланған болатын.
"Өкінішке қарай, қазіргі таңда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2026 дана қарудың қай жерде екені анықталмады. Қаруды табуға бағытталған жұмыстар жалғасуда", - деді Әділов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, бүгінге дейін тиісті шаралардың арқасында 3634 қару және 50 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген. Соның ішінде 934 дана қару қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.
"Тек соңғы айда 645 дана қару заңсыз айналымнан алынды. Көбісінің нөмірі өшірілген. Криминалистикалық зерттеудің қорытындысы бойынша 20-дан астамы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару болып шықты", - деді департамент бастығы.
Сондай-ақ қазақстандықтар 1,5 мыңнан астам қаруды өз еркімен полицияға тапсырған.
Қаңтар оқиғасы кезінде 5 мыңнан астам азамат зардап шекті – бас прокуратура