АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Астанада жаңа білім орталығы ашылды. Мұнда балалар мен жасөспірімдер өз білімі мен шығармашылық қабілеттерін одан әрі жетілдіреді.
Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жасөспірімдер "Жақсылық арифметикасы" оқу орталығында бәсекеге қабілетті, сапалы білім алады.
Орталықтың ашылуында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен мұндай нысандардың санын көбейту қажет екенін қадап айтты.
"Қаламызда 150-ден астам қосымша білім беру орталығы бар, онда 200 мың бала білім алып жатыр. Дегенмен, елорданың кейбір аудандарында олардың саны әлі де жеткіліксіз. Атап айтқанда, жаңа орталық орналасқан Сарыарқа ауданының тұрғындарынан балалардың бос уақытын өткізуге арналған орындардың жоқтығы туралы көптеген шағым түскен", - деді ол.
Жаңа орталықтың директоры Ұлжан Мырзағалиева білім беру нысанының мақсаты көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін және 50% жеңілдікпен оқыту екенін атап өтті.
Мұнда 300-ге дейін бала оқи алады. Орталықтың бағдарламасында 10 пән бар.
Орталықта ым-ишара, робототехника, ментальды арифметика, вокал, тоғызқұмалақ үйірмелері бар. Сондай-ақ логопед маманның қызметтерін пайдалануға болады.