АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Қарағанды полицейлері тұрмыстық жанжал шыққан үйден 5 килограмнан астам есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қазан күні Қарағанды қаласындағы жеке үйлердің бірінде тұрмыстық жанжал болған. Оқиға орынына патрульдік полиция полкінің полиция жасағы жіберліді. Үйде 55 жастағы үй иесі мен оның 28 жастағы ұлы болған. Олар Ресей азаматы екені анықталды. Сонымен қатар ол үйге 53 жастағы азамат Грузиядан қонаққа келген.
Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау барысында үйдегі бөлмелердің бірінен шарада тұрған жасыл түсті иісі бар өсімдік тектес зат табылған.
Тәртіп сақшылары жедел жұмыстар барысында аталған үйдің гаражынан қара полимерлік пакетке салынған төрт қарасора сабақтары және есірткі пайдалану құралдарын тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі заттары жалпы салмағы 5 келі 200 гр марихуана екені белгілі болды. Ұсталғандарға қатысты жүргізілген медициналық куәландыру 28 жастағы азаматтың есірткі пайдаланғанын көрсетті. Алайда азамат өзінің есірткі қолданғанын мойындамады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.