АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Ақтауда көлік полициясы құны 1 миллион теңгеге жуықтайтын алтын бұйымдарды ұрлаған әуежайдың жүк тиеушісін ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Жүк тиеушінің заңсыз әрекетінен "Ақтау – Анталия" және "Ақтау – Алматы" рейстерінің екі жолаушысы зардап шеккен.
Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне "Ақтау – Анталия" бағытындағы әуе рейсінің 41 жастағы жолаушысы өзінің жүгінде болған алтын бұйымдардың (екі неке сақинасы, екі сырға, білезік, алқа) ұрланғанын айтып шағымданды. Осыған ұқсас өтініш көлік полициясына Алматы қаласының 42 жастағы тұрғынынан да келіп түскен. Ол "Ақтау – Алматы" бағытындағы әуе рейсімен үйіне ұшып келгеннен кейін жүгіне салынған алтын бұйымдардың (гауһар тастары бар сары және ақ алтыннан жасалған сырға-сақиналар) жоғалғанын анықтаған.
Жәбірленушілерге 930 мың теңге көлемінде залал келтірілген.
"Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлік сақшылары әуежайдың 30 жастағы жүк тиеушісін анықтап, ұстады. Күдіктінің Маңғыстау облысының тұрғыны екені белгілі болды", – деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Ол өз кінәсін мойындады. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Тергеу жүргізіліп жатыр.