АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасысына қандай материалдық көмек берілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін "Арселор Миттал Теміртау" компаниясына қарасты Ленин шахтасында апаттық жағдай болды. Метан жарылып, арты өртке ұласқан. Бес кенші қаза тапты.
"Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, ұжымдық келісімшартқа сәйкес, қайтыс болған кеншілердің отбасысына жалақының 10 жылдық мөлшерінде материалдық көмек, оған қоса, кредитті төлеу мен балаларды оқыту шығындары өтеледі", - деді Қасымбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл ұжымдық келісімшартқа зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй сатып алу мәселесі де енгізілген.
"Жалпы, материалдық және қаржылай көмек толығымен көрсетіледі", - деп түйіндеді Қасымбек.