АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған, зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым", - деп жазылған жеделхатта.
Айта кетері, түнде кәсіпорынның шахтасында газ шығып, 5 адам метаннан уланып қайтыс болды. 4 жұмысшы ауруханада жатыр.