АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бүгін Ленин шахтасында болған апаттың хронологиясын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Түнгі сағат 02:55-те кеншілердің өздері қоңырау шалып, жердің астында 746 метр тереңдікте метан жарылғанын айтты. Қазіргі болжамға сәйкес, бас кезінде өрт шықпаған. Концентрациясы 5 процент болған. Артынан газ тұтанып кеткен. Шахтада диспетчер бірден апаттық жағдайды жою жоспарын енгізген.
"Жер астында жалпы 106 кенші болған. Төрт адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі кезде олардың жағдайы тұрақты, ешкім жансақтау бөлімінде жатқан жоқ", - деді Ильин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Құтқарушылар таңғы сағат 05:40-та үш кеншінің денесін тапты. 06:40-та төртінші, ал 09:09-да бесінші кенші табылды. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды. Мамандар кеншілердің неден қайтыс болғанын анықтайды.
"Кеншілер 746 метр тереңдікте жатқан көмір қабатын дайындап жүрген. Ондайда қыртыстың астындағы топырақ алынады да, одан кейін оны бұрғылап, газын шығарады. Көмір қыртысында болатын метанды екі айдай шығарады. Содан кейін ғана көмір өндіру жұмысы басталады", - деп түсіндірді Ильин.
Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылды. Оған министрдің өзі жетекшілік етеді. Мамандар апаттың себебін және мән-жайын анықтайды.