Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украинадағы биологиялық зертханаларға қатысты қарарды қабылдамады

Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Украинадағы әскери-биологиялық әрекеттерді тексеру жөніндегі комиссия құру туралы Ресей қарарының жобасын қабылдамады, деп хабарлады РИА Новости.
Ресей бастамашы болған құжат 15 дауыстың қажетті тоғыз дауысын алмады. Ресей мен Қытай қарар үшін дауыс берсе, АҚШ, Ұлыбритания және Франция қарсы дауыс берді. Қалған елдер қалыс қалды.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский Батыстың қарар бойынша келіссөздерге кедергі келтіргенін айтты.
"Біз батыстық әріптестеріміздің қарар жобасы бойынша келіссөз процесіне кедергі келтіргенін көріп отырмыз. Батыс елдері Ресей ұсынған тиісті материалдарды қарайтын және олар бойынша тексеру жүргізетін комиссия құрудан қорқатыны белгілі", - деді тұрақты өкілдің бірінші орынбасары.
Дауыс беруден кейін Полянский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешіміне наразы екенін айтып, Ресейдің Украина аумағындағы биологиялық зертханалардың қызметін тексеруді жалғастыратынын атап өтті.