Ақтөбе облысында жемқорлардан тәркіленген ақшаға мектеп салынады

Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған шенеуніктер келтірілген шығынды өтеді. Өтелген қаражат көлемі 197 миллион ​​теңгені құрайды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл қаражатты Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысын аяқтау үшін пайдалану туралы шешім қабылданған. Бұл ескі мектепте оқитын 54 отбасындағы балалардың мәселесін шешеді. Білім мекемесі 1974 жылы салынған.
Мектеп апатты жағдайда деп танылды. Құмжарған ауылындағы жаңа білім ошағын 2019 жылдың қаңтар айында пайдалануға беру жоспарланған болатын. Жүктелген міндеттемелерді орындамағандықтан, мердігер компания жосықсыз жабдықтаушы деп танылды. Қазір нысанға жаңа мердігер тартылып, тиісті жұмыстарды аяқтауға 150 миллион теңге бөлінеді.
Өтелетін қаржының бір бөлігі Ақтөбе қаласында еліміздегі ең ірі жаттығу алаңының бірін салуға жұмсалады. Бұл балалар арасында бұқаралық спорттың дамуына серпін береді.