Құрбысына сеніп қалған әйел 5,6 млн теңгесінен айырылды

Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Астанада құрбысына алданған әйел полицияға арыз жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
58 жастағы әйелдің құрбысы үш жыл бойы үнемі жоғары табыс табуға болатын жоба туралы айтқан. Ол инвестициялық компанияны жарнамалаған. Сосын жәбірленушіге ай сайынғы сыйақы үшін белгілі бір соманы салуды ұсынады. Оған сенген әйел үйін сатып, құрбысына 5 миллион 600 мың теңге жіберіпті. Бірақ ешқандай табыс түспеген. Содан бері бір жыл өткен. Құрбысына алданған әйел полицияға арызданды.
Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі (Алаяқтық, ірі мөлшерде) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкi тәркiленеді.