Хаменованың ісі: прокурор экс-шенеунікті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Бүгін Атырауда Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті.
Сотта прокурор айыпталушыларды бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды AtyrauPress.kz порталы.
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова адамдар тобымен өзара сөз байласып, пара алғаны үшін айыпталып отыр. Прокурор Лаура Асанова Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айыру қажет деп санайды. Оған қоса, мүлкі тәркілеп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салуды сұрады.
"Ол өз жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуге тиіс. Сондай-ақ, Хаменоаны "Құрмет" орденінен айыру қажет. Жазаны тағайындағанда бұған дейін қамауда өткізген 1 күнді 1,5 күнмен есептеуді, ал кәмелетке толмаған баласы болғаннан кейін жазаны үш жылға шегеруді сұраймын", - деді Асанова.
Облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевке де тура сондай жазаны тағайындауды сұрады.
Айта кетері, былтыр желтоқсан айында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталған болатын. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Бас кезінде Хаменованы үй қамаққа алған.
Бірақ 22 желтоқсанда екі айға қамауға алуға санкция берілді. Бақытгүл Хаменова 2017 жылдың көктемінде мәжіліс депутаты болып тұрған кезде әлеуметтік желіде танымал болды. Ол елордадағы Астана әуежайына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс айтты.
Хаменованың ісі: Рысқалиев күтпеген мәлімдеме жасады