АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Маңғыстау облысында бизнес нысандар мен тұрғын үйлерге газ желісін тартумен айналысатын кәсіпкерлер "ҚазТрансГазАймақ" АҚ жұмысына риза емес, деп хабарлайды "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Компанияның Маңғыстау облысындағы филиалы нысандарға газ қосу үшін рұқсат беретін 4 құжаттың орнына 15-ін талап етіп, іскерлерді әуре-сарсаңға салуын тоқтатар емес. Қағазбастылықтан шаршаған іскерлер заңмен белгіленген 4 құжат еліміздің басқа өңірлерінде жарамды болса да, неге Маңғыстауға жарамсыз екенін түсінбей дал.
"ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның Маңғыстау өндірістік филиалы заңда көзделмеген құжаттарды, атап айтқанда, өтініш берушінің құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне тіркелген объектіні пайдалануға қабылдау актісін, газ тарату желілері мен газ тұтыну жабдықтарына техникалық қызмет көрсету шартын және т.б. қосымша 11 құжатты талап етуде. Соның салдарынан дайын тұрған нысандарды тапсыру кешіктірілуде екен.