Атырауда балабақшада ойран салған жасөспірімдердің ата-анасы жазаланды

Sputnik
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты Құлсары қаласындағы балабақшаны қиратқан мектеп оқушыларының ата-аналарына айыппұл салды, деп хабарлайды Ақжайық.
Еске салсақ, бұл сұмдық оқиға қазан айының басында болды. Содан кейін әлеуметтік желіде мектепке дейінгі мекемеге жасалған шабуыл салдары туралы видео тараған болатын. Жылыой ауданының полицейлері 6-7-сыныптың алты оқушысының жергілікті балабақшаға кіргенін, есіктің әйнегін сындырып, гүлдерді, жиһаздарды, ойыншықтарды шашып, өрт сөндіргіштерді қиратқанын анықтады.
Сонымен жасөспірімдердің ата-аналары "Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін" (ӘҚБтК-нің 127-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ата-аналар балалардың кінәсін мойындап, ең төменгі айыппұл салуды сұраған.
"Кінәні мойындаған кезде сот әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға азайтуға құқылы. Сот құқық бұзушылықтың сипатын, заңды өкілдерінің жеке басын, олардың құқық бұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оларға 21 441 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза шығарды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.